Қаламыздың Борки кентінде жасөспірімдер арасында шаңғы жарысынан облыс чемпионаты өтті. Бүгін – сайыстың соңғы күн. Спортшылардың аяқ алысын кірпік қақпай бақылап отырған төрешілер үздіктерді қағазға түртіп қойыпты.
ВЛАДИМИР ЩЕРБАКОВ, жарыстың бас төрешісі:
– Қазір бірінші орында Аққайын ауданы келе жатыр. Екінші сатыда – қаламыздағы спорт интернаты тұр. Үздік үштікті Байболов атындағы мектептің жастарды тұйықтады. Бірақ, бұл нақты қорытынды емес. Мықтылардың мықтысы бүгін жеңіс тұғырына көтеріледі.
Мұны жеңістен дәмелі әр жас жақсы түсінеді. Өздерін психологиялық және физикалық тұрғыда дайындады, шаңғыларын майлады. Төреші пәрменін ала сала, эстафета сайысына таңдалған жастар алға ұмтылды. 3 топ бар. Әрқайсысы әртүрлі қашықтыққа жүгіреді. Мысалы, 14-15 жас санатындағылар 1 шақырым 200 метрді еңсереді. Яғни, командадағы шаңғышы 600 метрді бағындырып, кезекті әріптесіне береді.
СЕРГЕЙ КРАВЕЦ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
– Шаңғымен алты жасымнан бері айналысамын. Қазір жасым – 15-те. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қарсыластардың ішінде осалы жоқ.
Спортшылар арық сөйлеп, семіз шыққысы келеді. Бұл жарыс алдындағы қобалжуға тікелей байланысты. Қуантарлығы, өңірімізде жас шаңғышылардың саны артуда.
ДИАНА ЧУКЛИНА, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
– Шаңғыны аяғыма 9 жасымда ілдім. Содан бері тастамай, жарыстарда бақ сынап жүрмін. Бұл спорт белсенділіктің кепілі дер едім.
Облыс чемпионатында жеңіске жеткен жастардан команда жасақталады. Олар өңір намысын республикалық додаларда қорғамақ. Жалпы, биылғы біріншілік солтүстікқазақстандық 120-ға тарта жастың басын қосты.
Гүлден Сембаева