Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің қабырғасында еркін форматтағы кездесу өтті. Мұнда арнайы шақырылған меймандар студенттерге кәсіптік бағдар берді. Сөз алған жанның бірі – Сәлімхан Сәбитов. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт өзінің көкейіндегіні рет-ретімен жіпке тізді.
СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, СҚО ішкі саясат басқармасы қоғамдық даму және ақпарат орталығының нұсқаушысы:
– Сендердің алдарыңнан әлі көп проблема шығады. Мұндай жағдайда еңсені түсіруге болмайды. Алға қойған мақсатқа жету қажет. Адам өз-өзін бойдағы қасиетіне қарай бала кезден дамытқан жөн. Сонда болашақта оңай болады. Яғни, биік белестерді бағындырады.Барлығы да өздеріңе байланысты.
Спикерлер мен студенттер емін-еркін сөйлесті. Кей жастар оқуға тек грант үшін түскендерін айтты. Олар келешекте мамандықтары бойынша жұмыс істейтіндеріне сенімді емес. Ал кейбірі керісінше, ертеңгі күнді бүгіннен жоспарлауда. Соның бірі – болашақ менеджер Зарина Байболова.
ЗАРИНА БАЙБОЛОВА, СҚУ колледжінің студенті:
– Болашақта өзімнің турагенттігімді ашқым келеді. Іс-шараға тоқталатын болсақ, өтіп жатқан шара бізге аса қажет. Студенттер бүгінгі айтылғандарды тыңдап, болашаққа өз-өздерін дайындайды.
Қоса кетейік, қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан университетінің колледжінде 424 студент білім алуда.
Мәдина Қаби