Қоғам

«Қазақстан халқына» қоры: елімізде трансплантология туралы заңды өзгерту қажет

«Қазақстан халқына» қоры денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 103,3 млрд теңгеге 12 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасын іске асыру үстінде. Қор басшысы Болат Жәмішевтің айтуынша, сирек кездесетін кеселге шалдыққан және созылмалы аурулары бар 382 пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Оның 296-сы – бала. Сондай-ақ, жалпы сомасы 31,6 млрд теңгені құрайтын 39 препарат сатып алынды. Оның 9-ы елімізге алғаш рет әкелініп отыр. Бүгінгі күні ахондроплазиямен ауыратын 10 бала сүйектің өсуіне ықпал ететін инновациялық препаратты қабылдауды бастады.

БОЛАТ ЖӘМІШЕВ, “Қазақстан халқына” қорының басшысы:

– Атаулы көмек көрсету бойынша кеңейтілген тәсілдер мен алгоритмдерді енгізу аясында 25 пациент шетелге емделуге жіберілді. Оған 460 млн теңге қаражат жұмсалды. Науқастарды шетелге біздің елімізде емделмейтін немесе бюджеттен қаражат ала алмаса жібереміз. Онкологиялық науқастардан шетелде емдеу бойынша өтініштер өте көп.

Өткен жылдың мамыр айынан бері С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ университеттік клиникасында мүйізді қабықты трансплантациялау бойынша 93 ота жасалды. Нәтижесінде 304 пациент көру қабілетін қалпына келтіре алды. Қазақстанда донорлық материалдың тапшылығына байланысты қасаң қабықтарды тасымалдау АҚШ-тан жүзеге асырылады. Жобаның бюджеті – 374 млн теңге.

БОЛАТ ЖӘМІШЕВ, “Қазақстан халқына” қорының басшысы:

– Дәрігерлер қордың ақшасы қажет емес дейді. Біздің елде мәйіт донорлығы қайтадан іске қосылуы үшін заңды өзгерту керек. Біз Үкімет пен жұртшылықты трансплантация, мәйіт донорлығы туралы заңның өзгеруіне итермелеу үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тиісті конференция өткіздік. Біздің ел осыған байланысты рейтингтің ең төменгі деңгейіне түсіп кетті. 4 мың адамға ағзаларды шұғыл трансплантациялау қажет.

Тағы 13 аймақтағы 28 медициналық ұйымға офтальмологиялық скринингке, шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуге арналған жабдықтар жеткізілді. Бұл дамымаған көру органдарын ерте анықтауға және емдеуге, балалардың мүгедектігін болдырмауға мүмкіндік береді.

 

Ақжүніс Мұқатай