Бұл – қырсық әрі ерке Бұртима. Ол айтқанынан қайтпайды, ойындағысын міндетті түрде орындатады. Ал қасындағылары кішкентай қыздың көңілін табуға тырысады. Балаларға арналған қойылым кешеден бері С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрында сахналануда. Ертегінің авторы – драматург Михаил Супонин болса, режиссері – көпшілікке танымал Батырбек Шамбетов. Ал басты кейіпкердің рөлінде – жас актриса Назерке Ұзақбек.
НАЗЕРКЕ ҰЗАҚБЕК, С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының актрисасы:
– Ертегі әртүрлі оқиғалардың легімен өрбейді. Балалармен байланысқа түсеміз. Олар өз ойларын айтып, белсенділік танытады. Яғни, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып, бағыт беріп, анықтап отыратын болады.
Бұл – әртістер мен көрермен арасында тікелей байланыс орнаған ертегі. Қойылым барысында қырсық Бұртима бал сұрайды. Оны жинауға залдаға балалар ат салысады. Осылайша, кішкентай қыздың көңіл-күйін көтеруге көмектеседі. Сонымен қатар, ұл-қыздар басты кейіпкердің достары қойған сұрақтарға жауап береді.
ОЛЖАС ЗЕЙНОЛЛА, С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі:
– “Бұртима” ертегісі балаларды жанашырлыққа, білімділік пен достыққа баулиды. Ертегінің ұзақтығы – 50 минут. Сол уақыттың ішінде Бұртима деген ерке қыздың көңіл-күйін көтеруге барлығын барын салады.
Қойылымды 100-ден аса бала тамашалады. Дені – даярлық сынып оқушылары. Арасында Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің балғындары да бар.
ЖАЗИРА ТҰРҒЫНБАЕВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің даярлық сыныбы тәрбиешісі:
– Біз театрға осымен 2-ші мәрте келіп отырмыз. Балалар 5-6 жаста. Бүгінгі ертегі осы жастағы балаларға арналған.
“Бұртима” қойылымында 4 кейіпкер бар. Олардың барлығы – сонау Алматыда білім алып, өңірімізде жұмыс істеуге келген жас мамандар. Әртістер ертегені жоғары деңгейде ұсыну үшін 1 ай дайындалған екен.
Ақжүніс Мұқатай