Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді! Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасында «Ұлттың ұлы тұлғалары» көрмесі қанат жайды. Мұнда атақты жазушылар Зейнел-Ғаби Иманбаев пен Бердібек Соқпақпаевтың шығармалары көпшілікке таныстырылды.
ДАНА АХМЕТОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы:
– Биыл Бердібек Соқпақпаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай көрмеге оның «Өлгендер қайтып келмейді» романы, «Балалалық шаққа саяхат» пен «Менің атым – Қожа» повесі қойылды. Жазушының шығармалары оқырмандарды баурап алады.
Биыл жерлесіміз Зейнел-Ғаби Иманбаевтың да туғанына 100 жыл толып отыр. Көрмеден теріскейлік жазушының да еңбектерін табуға болады.
ГҮЛМИРА САҒЫНДЫҚОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы:
– 1959 жылы «Бастама» атты кітабы жарыққа шықты. 1960 жылы «Сырымбет», ал 1961 жылы «Арлан» деген кітабы жарық көреді. Ол балалар әдебиетіне көп назар аударған. Ақын шығармалары арқылы балаларды мейірімділікке үйретеді.
Осының барлығы көрменің ашылу салтанатында айтылды. Шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа ұлы тұлғаларды таныстыру, дәріптеу және кітап оқуға баулу.
ГҮЛНҰР БЕКІШ, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының библиографы:
– Көрмеде ел тарихында, әдебиет, ғылым мен өнер саласында өзіндік орны бар, мерейтойлары республикалық және ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін тұлғалардың еңбектері, фотосуреттері қойылған.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айының басында берген сұхбатында ел тарихында ойып тұрып орын алатын тұлғалардың мерейтойын атап өту жайлы айтты. Кітапхана қабырғасындағы көрме бір жыл көлемінде тұрады.
Мәдина Қаби