Қоғам

Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу

Жастар арасында діни экстремизм мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қоғамның қызу талқысына түскен проблема Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында кезекті мәрте ортаға салынды. Нақтырақ айтсақ, мұнда қыз-жігіттердің жат ағымның жетегінде кетуі және төнетін қауіп-қатер кеңінен сөз болды. Аса пайдалы жиынның ұйымдастырушылары – дін істер басқармасы мен қалалық жастар ресурстық орталығы.

НҰРТАС НҰРМАҒАМБЕТ, СҚО дін істер басқармасының бас маманы:

– Негізгі біздің бағытымыз – профилактика. Себебі, қазіргі таңда жастардың көбі деструктивті діни ағымдарға кетіп жатыр. Біздің мақсатымыз – жастардың улануының алдын алу. Айта кететін жайт, өткен жылы дін істер басқармасы уәкілетті органдармен бірлесіп, дін саласындағы заң бұзушылықтың 21 фактісін анақтады.

Экстремизм – қоғам дерті. Осыны алға тартқан басқарма өкілдері өткен жылы ауқымды жұмыс атқарыпты.

НҰРТАС НҰРМАҒАМБЕТ, СҚО дін істер басқармасының бас маманы:

– 2023 жылдың қорытындысы бойынша 30 311 адамды қамтитын 2 427 іс-шара өткізілді. Ал жастардың категориясы бойынша 23 240 адамды қамтитын 892 шара өтті.

Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайту, патриоттық сезім мен мәдениеттілік деңгейін арттыру. Бұл – діни экстремизмге жат, яғни қарама-қайшы белгілер. Бүгінгі жиынға келген ұл-қыздар өзекті тақырыптың аясында видеоролик көріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

АНАСТАСИЯ ШАЧНЕВА, қалалық жастар ресурстық орталығының жастармен жұмыс жөніндегі нұсқаушысы:

– Экстремизм тақырыбындағы семинарлар жыл сайын ұйымдастырылады. Бүгінгі шараға Б. Әшімов атындағы машина жасау және көлік, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық және Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенттері келіп отыр. Жиын барысында ұл-қыздармен ашық әңгімелестік. Ойларын білу үшін сұрақ-жауап та ұйымдастырдық. Бұл бастама әрмен қарай жалғасын табады.

Қоса кетейік, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу тақырыбындағы шараға 40-қа жуық жас қатысты.

 

Ақжүніс Мұқатай