Өңір полицейлері “Тұрмыс” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының негізінде бірталай заң бұзушылықтың бетін ашуда. Тәртіп сақшылары мен белсенділер адамдар көп жиналатын жерлерде сенім телефондары бар жадынамалар таратып жатыр. Рейд шеңберінде қорғау нұсқамасы шығарылған немесе ерекше талаптар қойылған отбасылық жанжалқойлар назарсыз қалмады. Оларға спирттік ішімдіктер ішуге тыйым салынған.
– Спиртные напитки употребляем? – Никто не употребляет.
Бірінші тексерілген 38 жастағы петропавлдық алкогольді мүлде қолданбайтынын айтып, сендіргісі келді. Алайда, мүмкіген шараптың иісі жауабын жоққа шығарды. Ерекше талаптарды бұзу фактісі бойынша әкімшілік материал жиналып, сотқа жіберілді. Енді ер адам 20 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Айта кетейік, бұл жұмыс «Аманат» партиясы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп жүргізілуде.
БІРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, «Аманат» партиясының «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы:
– Полиция басқармасымен бірлесе отыра профилактикалық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда қоңырау түскен 3 отбасыға бардық.
Алдын алу іс-шарасының бірінші күнінде-ақ құқық бұзудың 11 фактісі анықталды. Арасында ескі әдетіне қайта басатындар бар. Жалпы, биылдыққа барлығы 128 жайт тіркелді. Оның 25-і – отбасылық тұрмыс саласында.
АЯН АСПАН, қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы:
– Тұрмыс жедел алдын алу іс-шарасы аясында “Аманат” партиясының өкілдерімен бірлесіп, ішкі істер органдарында есепте тұрған маскүнем мен нашақор азаматтар тексерілді. Тексеру аясында Петропавл қаласы азаматының ішімдік ішкендігі анықталып, ол айықтыру орталығына жеткізілді. Ары қарай бұл азаматқа қатысты соттық материал жиналып, сотқа жолданатын болады.
Сонымен қатар, 55 теріскейлік алкогольдік ішімдік ішкені немесе қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін жауапкершілікке тартылды. Қару иелері де тексерілуде. Осылайша, өңірде қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған міндеттердің кең ауқымы қамтылып отыр.
Ақжүніс Мұқатай