Денсаулық сақтау

“СҚ-Фармация” ЖШС жұмысы жайлы

Дәрі-дәрмекті сатып алу және оны медициналық ұйымдарға жеткізу – «СҚ-Фармация» серіктестігінің негізгі міндеті. Еліміздегі бірыңғай дистрибьютор өтінім бойынша жұмыс істейді. Яғни, өңірлердегі мекемелерден жолданған құжатқа сәйкес, өнімдерді алады, кейін тапсырыс берушіге апарады. Былтыр әжептәуір істің басы қайрылыпты.

АЙГЕРІМ СМАИЛОВА, “СҚ-Фармация” ЖШС баспасөз қызметінің бастығы, Астана қаласы:

– 2023 жылы бірыңғай дистрибьютор арқылы 1571 аталымдағы дәрі-дәрмек сатып алынды. Сатып алу сомасы 449,5 млрд теңгені құрайды.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің 2 түрі бар. Біріншісі – стационарлық, екіншісі – амбулаторлық. Алғашқысы бойынша толығырақ айтсақ, былтыр аққайыңдар өлкесіндегі 37 мекеме серіктестікпен шарт жасасыпты. Оның жиырмасы – қалалық ұйым. Нәтижесінде өңірге 980 астам дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым жеткізілген. Ескерер жайт, бірыңғай дистрибьютор алдын ала сатып алу жүргізеді. Демек, ағымдағы жылға қор жасақталған.

АЙГЕРІМ СМАИЛОВА, “СҚ-Фармация” ЖШС баспасөз қызметінің бастығы, Астана қаласы:

– Біз алдын-ала сатып алдық. 2024 жылға СҚО-дан 814-тен астам аталымдағы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымға тапсырыс берілді. Амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге тоқталсақ, 23-ші жылы 486 аталымдағы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым жеткізілді. Ал биылғы көрсеткіш 358 құрайды.

Дегенмен, бұл нақты көлем емес. “СҚ-Фармация” серіктестігі жыл ішінде де өтінім қабылдайды. Яғни, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды қосымша негізде сатып алып, облыстарға жеткізеді.

АЙГЕРІМ СМАИЛОВА, “СҚ-Фармация” ЖШС баспасөз қызметінің бастығы, Астана қаласы:

– Әрине, әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Дұрыс жоспарламау, науқас санының ұлғаюы дегендей. Мұндай жағдайда өңірдегі мекемелер бір-бірімен дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым ауысады. Немесе қажетті дүниені өзге аймақтардан жеткіземіз.

Қоса кетейік, ағымдағы жыл үшін “СҚ-Фармация” серіктестігі қыркүйек айында сатып алу жүргізіпті. Қазір дәрі-дәрмектер өңірлерге жеткізіліп жатыр.

 

Байболат Құлтанов