«Крещение Господне» мерекесі православ қауымы үшін ең маңызды және ұлы мерекелердің бірі болып саналады. Діни мейрам дәстүр бойынша қаңтардың 18-нен 19-на қараған түні басталмақ. Наным-сенімдерге сүйенсек, бұл күні жұртшылық шомылатын қасиетті су түрлі аурудың алдын алуға септеседі. Ескерер жайт, егер адамның денсаулығында кінәрат болса, шомылмағаны абзал. Әсіресе, жүрек, бүйрек, зәр шығару жүйесі бұзылған, демікпесі немесе пневмониясы бар жандарға қатаң тыйым салынады.
ВЛАДИМИР, Петропавл және Булаев епархиясының епископы:
– Таңғы 8-де дін қызметкерлері өзен-көлдерде діни жоралғы жасайды. Содан кейін сенушілер суға түсе алады. Судың емдік қасиеті барына сену қажет. Жаман ойлар мен әдеттерден тыйылған маңызды. Тұрғындар тыныштық сақтап, ұрыс-керіс шығармау тиіс. Себебі, судың қасиеті жоғалуы мүмкін. Ал ыдыстарға құйылған тіршілік көзі 1 жыл өз күшін жоймайды. Суды тарату 1 күнге ғана жалғасады.
Өзен-көлдерге бармауға да болады. Бұл күні краннан ағатын су да ерекше қасиетке ие болмақ. Яғни, денсаулығында кінәраты бар жандар үйдегі ванна мен моншада шомыла алады. “Крещение Господне” мерекесінде бірқатар мамандар күшейтілген режимде жұмыс істейді. Атап айтсақ, құтқарушылар, тәртіп сақшылар мен медицина қызметкерлері даладағы адамдардың хал-жағдайын бақылауда ұстайды.
ТИМУР ГУСЕВ, Петропавл қалалық ТЖБ инженері:
– Аяқтағы сезімталдықты жоғалтпау үшін оңай шешілетін аяқ киім киген абзал. Сондай-ақ, ойықтан шығып бара жатқанда қос қапталдағы ағаштардан ұстаудың қажеті жоқ. Құлап, су астына кетіп қалуыңыз мүмкін. Мұндайдың алдын алу үшін біреуге қол созу қажет. Сосын орамалмен жақсылап сүртініп, ыстық шай ішу керек.
Бұл айтылғанды әрбір адам ескергені жөн. Әйтпесе, қайғылы жайт орын алуы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай фактілер жер-жерде тіркеліп тұрады.
Басты жау – алкоголь екенін де естен шығармаған абзал. Тағы ойықтардың маңында көп адам жиналуға болмайды. Мамандар 5-7 кісінің тұрғаны жөн дейді.
Гүлден Сембаева