Қоғам

Қазақстан өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз ететін болады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында электр энергетикасы саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істейтінін баяндады. Бүгінгі таңда елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді. Алдағы уақытта ел экономикасы мен халқын тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін жаңа энергия қуаттарын кезең-кезеңмен енгізу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту көзделіп отыр. Сондай-ақ, басқосуда Үкімет басшысы әкімдіктердің өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалғанын айтты.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Өңірлік электр желілік компаниялары өздерінің инвестициялық бағдарламаларының жасалуы мен орындалуын бақылап отырған жоқ. Бұған желтоқсан айында еліміздің солтүстік өңірлерінде электр қуатының жаппай өшіп қалуы дәлел. Жергілікті атқарушы органдар өңірлік электр желілік компаниялардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс.

 

Гүлден Сембаева