Денсаулық сақтау

Құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренді

Бүгін Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжіне облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары келіп отыр. Ақ халат киген жандар қонақтарға алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретпек.

МЕЙРАМБЕК БАТЫРБАЕВ, Петропавл қалалық 2-МӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы:

– 23 қызметкер арнайы алғашқы көмек бағдарламасы бойынша тәжірибеден өтуде. Осы мамандықта 7 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Жыл сайын алғашқы дәрігерлік көмек бойынша қызметкерлерді оқытамыз.

Адам өмірі қыл үстінде тұрған кезде әр секунд аса маңызды. Мұндай сәтте қателікке жол жоқ. Осыны баса айтқан колледж мамандары құтқарушыларға негізгі қағидаларды айтты, іс жүзінде көрсетті.

Курс 6 сағатқа жалғасады. Яғни, осы уақыт ішінде мамандар білімдерін толықтырады. Кейін әрқайсысына сертификат беріледі.

ДАРИЯ ҚАРАБАЙ, Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы:

– Адам есінен танып жатқанда медицина қызметкері қасында болуы мүмкін емес. Кей кезде жанынан төтенше жағдайлар қызметкері табылуы мүмкін. Сондықтан, олар жүрек-өкпелік реанимацияны жасай білуі керек.

Қазір оқу орнында 1300-ге жуық студент білім алады. Олар 6 мамандық бойынша оқып жатыр.

 

Мәдина Қаби