БАЙБОЛАТ ҚҰЛТАНОВ, тілші:
– 2023 жылдың 13 шілдесіне қараған түні Петропавлда мына суреттегі нәзікжанды қайтыс болды. Қалай дейсіздер ғой? Оны ашуға булыққан күйеуі бірнеше жерден пышақтап өлтірді. Артынша жансыз денені немере інісімен бірге жақын маңдағы орманда көмді. Адам сенгісіз қылмысқа барғандардың аты-жөні – Надир Абдулаев пен 20 жастағы Иса Гасанов.
Ал ажал құшқан келіншектің аты-жөні – Виктория Абдулаева. Жетім қызға осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттен 1 бөлмелі коммуналды-жалдамалы пәтер беріліпті. Сол үйде күйеуі және қызы үшеуі тұрған. Қылмыс жасалатын түні отағасының немере інісі қонаққа келген көрінеді.
БАЙБОЛАТ ҚҰЛТАНОВ, тілші:
– Қолда бар дерекке зер салсақ, азаматша тағдыр байлаған жігіттен үнемі тепкі көрген. Тіпті, ұрыстардың бірінде басы бөтелкемен де жарылыпты. Қылмыс жасалған түн жайлы толығырақ айтайық. Сот-медициналық сараптаманының қорытындысы бойынша күйеуі алдымен үйдің сыртына алып шыққан әйелінің іш тұсына пышақ салған. Кейін суық қаруды мойнына бірнеше рет сұққан. Викторияның демі үзіледі. Осыдан соң күрекпен келген інісі екеуі денені орманда көмеді.
Міне, осылай екеуінің де қолы қанға боялады. Көп ұзамай қылмыс жария етілді, тергеп-тексеру жұмысы басталды. Ақыры соңында ағалы-інілі сот залынан бір-ақ шықты. Бүгін олардың алдағы өміріне қатысты үкім де оқылды.
ЕРЛАН НҰРШӘРІПОВ, СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
– Надир Абдулаев ҚР Қылмыстық Кодексiнің 99-бабы 1-бөлігі (Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату) бойынша кінәлі деп танылып, 10 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айрылды. Ол жазаны қауіпсіздік деңгейі орташа мекемеде өтейді. Сот Иса Гасановты да кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге соттау жөнінде үкім шығарды. Оған қауіпсіздік деңгейі төмен мекеме белгіленіп отыр.
Сот үкімі оқылғасын Викторияның немере әпкесі Марина Ахмадовамен тілдесу мүмкіндігі туды. Ол шығарылған шешіммен келіспейді.
МАРИНА АХМАДОВА, марқұмның туысы:
– Абдулаевтың сөзіне сенсек, Виктория пышақпен шығып, оған шабуыл жасаған. Мен бұған мүлде сенбеймін. Ол жан баласын ренжітпейтін адам еді. Жазамен келіспеймін. Сіңілім күйеуінен көрмегенді көрді. Үнемі таяқ жеді. Тіпті, қызын өмірге әкелгеннен кейін Абдулаев оларды қабылдамаған да кездер болды.
Сот үкімі 16-шы қаңтар күні күшіне енеді. Демек, сотталушылар осы уақытқа дейін апелляциялық шағым білдіре алады.
Байболат Құлтанов