ТКШ

Сенат депутаты Әсем Рахметова үкімет басшысына сауал жолдады

Астанада Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда билік өкілдері бірқатар заңды мақұлдап, депутаттық сауалдарын жолдады. Басқосуда сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру мәселесін көтерді. Бұл – көптің көкейінде жүрген мәселе. Оның артында облыс экономикасын дамыту, экологияны жақсарту және ауыл тұрғындарының жайлы өмірге қол жеткізуі тұр.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Облысты газдандыру – бұл аймақ халқының өмір сүру сапасын арттыруға және облыс экономикасының одан әрі дамуына серпін береді. Агроөнеркәсіп кешеніне де, экономиканың басқа да салаларында да ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жағдай жасайды. Шығарылатын өнімнің өзіндік құнын 15%-ға төмендетеді, қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды 3 есе азайту және аймақтың орман қорын сақтау арқылы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

Әсем Рахметова Энергетика министрлігі 2026 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру бойынша жұмысты бастауды жоспарлап отырғанын атап өтті. Алайда, қазірдің өзінде проблемалар анықталып отыр. Бірінші – қашықтық, екінші – көгілдір отынның тапшылығына байланысты құбыр тартудың қазынаға салмақ салуы. Сенатордың пікірінше, көрші Ресеймен әріптестік орнату – тиімді нұсқа.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Сізден Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандырудың нақты мерзімін белгілеуді сұраймын. Ресейдің Ишим қаласында қосылу нүктесі бар магистральді газ құбырын салу балама нұсқа ретінде қарастырылып отыр ма?

Өңірде 530 мыңнан астам адам газдандыруға мұқтаж болса, оның 56 пайызы – ауыл халқы.