Экономика және қаржы

Қазақстанда ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылады

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жаңа ақпараттық жүйе таныстырылды. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу бойынша ақпараттық жүйе құруды көздейді. Бұл барлық тарапқа – кәсіпкерлерге және мемлекеттік органдар, қаржы институттары өкілдеріне бірдей пайдалы болады деп күтілуде. Цифрлық платформаның функционалы барлық процесті, оның ішінде инвесторлар үшін еліміздегі қолжетімді мемлекеттік қызметтерді толық қамтуға мүмкіндік береді. Басқосуда ұлттық инвестициялық платформа ең алдымен инвесторлар үшін әзірленіп жатқаны атап өтілді. Платформа көптеген процесті жеңілдетіп қана қоймай, олардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттырады деп күтілуде.