Былтыр еліміздің бастауыш медициналық ұйымдарында 90 млн-нан астам қаралушы тіркелген. Бұл алдынғы жылғы жүгіну санынан 10%-ға жоғары. 2023-те скринингтік тексерулермен 2,8 млн ересек адам, оның ішінде 1,1 млн ауыл тұрғыны қамтылды. Осы ретте айта кету керек, патологиялар 388 мың отандасымызда анықталды, зерттеліп-қаралған 220 мың азамат диспансерлік есепке алынды. 1 миллионнан астам адам қымбат диагностикалық қызметтермен қамтылды. Соңғы 3 жылдың ішінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Ол бүгінде 237 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ тегін дәрілік препараттардың тізбесі 272-ден 347-ге дейін кеңейтілді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қол жеткізу мақсатында еліміздің әрбір тұрғыны үшін 78 арнайы нысан салынып, 80 бастапқы буын объектісі жөнделді. Бүгінгі таңда медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 110 мыңнан астам маман, оның ішінде 34 195 дәрігер және 75 852 орта буын қызметкері жұмыс істейді.