Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбаты ел аузынан әлі түскен жоқ. Тілдесу барысында мемлекет басшысы 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы болғанын айтты. Шынымен, бірсыпыра бастама жүзеге асырылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды. Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық.
Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер де біртіндеп шешіле бастады. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «Жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті.
Динара Сандыбаева – білім саласының өкілі. Мақаланы бір деммен оқып шыққан жерлесіміз ел тұрғындарын бірлікке шақырады.
ДИНАРА САНДЫБАЕВА, Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының орынбасары:
– Мен қазақстандықтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Президент бастамаларын қолдау қажет деп санаймын. Елімізде ауқымды оң өзгерістер орын алып жатыр. Оны күнделікті өмірде байқауға болады. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын айтты. Демек, бізге бірлік керек. Бірлік бар жерде – тірлік бар!
Қоса кетейік, Президент сұхбатында 2024 жыл еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болатынын айтты.
Байболат Құлтанов