Қоғам

Мәжіліс депутаты Петропавлдағы өрт сөндіру бөлімінде болды

ҚР Мәжілісінің депутаты Сейтжан Кенжеғұл барған Петропавлдағы екінші нысан – қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі. Астанадан ат терлетіп келген халық қалаулысы теріскейлік өрт сөндіруші-құтқарушы мамандарға жасалған жағдаймен таныспақ. Тілдесу еркін форматта өтті. Әңгіме барысында Мамлют ауданында еңбек ететін Жасұлан Қайсарбеков көкейде жүрген мәселені көтерді.

ЖАСҰЛАН ҚАЙСАРБЕКОВ, №15 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, Мамлют ауданы:

– Біздің гарнизонда 700 адам қызмет етеді. Бірақ, бізде көп қалалардағы сияқты спорт кешені жоқ. Ол жерде құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен өрт сөндіру- құтқару спортымен айналысатын спортышылар шынығып, адамдарды құтқаруға дайындалар еді.

Жылдамдық және ептілік. Бұл – кез-келген төтенше жағдай қызметкеріне қойылатын талаптар. Жерлесіміздің базынасын Мәжіліс депутаты мұқият тыңдады. Өз кезегінде шешуге барын салатынын айтты.

СЕЙТЖАН КЕНЖЕҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Міндетті түрде қарастырамыз. Астанаға барып, министрлікке немесе депутаттық сауал жасауға дайынбыз. Жергілікті әкімдік немесе республикалық қаражаттан қарастыруға тырысамыз. Әрине, сіздерге дайындық өте қажет.

Бұл салада тұрғын үй төлемі мәселесі де өткір тұр. Жасұлан Қайсарбеков мұны да ашық айтты.

ЖАСҰЛАН ҚАЙСАРБЕКОВ, №15 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, Мамлют ауданы:

– Өзге құрылымдарда бұл мәселе қарастырылған. Ал бізде шешілмей тұр. Пәтер берілмейді. Өкінішке қарай, ешқандай көмек қарастырылмаған.

Депутат бұл мәселені де жоғары жаққа жеткізуге уәде берді.

СЕЙТЖАН КЕНЖЕҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қолымнан келгенін жасаймын. Мүмкін қаңтардың аяғына дейін жауапты министрлік өкілдерімен кездесіп, бұл сұрақты қоярмыз.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты өрт сөндіру бөлімін аралап, мұндағы арнайы жабдықтармен танысты. Бұл жерде 6 техника бар. Көліктер 2 жыл сайын жаңартылып отырады. Ал жұмыс істейтін қызметкерлердің саны 50-ден асып жығалады. Басым бөлігі спортқа жақын.

ЖАСҰЛАН ҚАЙСАРБЕКОВ, №15 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, Мамлют ауданы:

– Қазіргі таңда облыс бойынша өрт сөндіру-құтқару спортымен 13 адам шұғылданады. Осы спорт бойынша Қазақстан чемпионаты мен Кубогы және Әлем чемпионты өтеді. Қазіргі таңда СҚО үздік 10 облыстың ішінде тұр.

Кездесу соңында ҚР Мәжілісінің депутаты Сейтжан Кенжеғұл мамандарға сәттілік тіледі.

 

Ақжүніс Мұқатай