Экология

Қазақстанда су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесі жасалады

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесіп, су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. Бірыңғай ақпараттық жүйеде еліміздегі су шаруашылығы нысандарының жай-күйі туралы барлық ақпарат жинақталады. Сондай-ақ, бастама су ресурстарының тұтынушыға дейін бөлінуін және пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

– Су ресурстарын цифрландыру өте маңызды. Бүгінгі таңда Қазақстанның бірнеше облысында ирригация желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта цифрландыру элементтерін жалпы ақпараттық жүйеге интеграциялау жоспарлануда.

Бұған дейін Жоғарғы аудиторлар палатасының басшысы Наталья Годунова Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың төрттен бірінің апатты жағдайда екенін айтқан болатын. Суару жүйелерінің тозуы мен ескі құрылыс технологияларын қолдану салдарынан Қазақстанда судың шығыны су алу көлемінің 50%-ын құрайды. Өткен жылдың тамыз айында бұрынғы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова еліміздегі 510 гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет ететінін айтқан болатын.

 

Гүлден Сембаева