Қаңтардың 4-і күні Мамлют ауданына қарасты Меңкесер ауылындағы тұрғын үйде 5 литрлік газ баллоны жарылды. Салдарынан 5 бірдей адамды күйік шалды. Қазіргі таңда тұрғындар аудандық және қалалық ауруханаларда ем алуда. Айта кетейік, жарылыстан үйдің төбесі жартылай құлап, қабырғалары зақымданды.
АМИР БЕКЧЕНТАЕВ, Мамлют аудандық ТЖБ бастығы:
– Мамлют ауданында өткен жылды қоса алғанда 25 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 20-сы жеке тұрғын үйлерде болды. Өкінішке қарай, ауданда қызыл жалын бас көтеру жайты 25 пайызға ұлғайды. Төтенше жағдайларды болдырмас үшін ауыл тұрғындары арасында түсіндіру шараларын ұйымдастырып отырамыз. Бірақ, ережені елемейтіндер бар.
Енді облыстық сандармен бөлісейік. Жыл басталмай жатып өңірде 10 өрт оқиғасы тіркелді. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелген жоқ. Алайда, жағаны жайлауға жіберуге болмайды. Бүгін бейінді департамент қабырғасында тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезіндегі ережелер айтылды. Себебі, өткен жылы өңірде болмашы кемшіліктен 1 тұрғын көз жұмды. Мамандардың айтуынша, газ баллонын ыстық жерге қоймау керек және сатып алу кезінде мұқият тексерген абзал.
АРМАН БАСЕНОВ, ҚР ТЖМ ӨҚК СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Газ баллонды 2 қабаттан жоғары көппәтерлі тұрғын үйлерде пайдалануға тыйым салынады. Қолданған жағдайда тұлға айыппұл төлеуі мүмкін. Баллонды тек 85 пайыз толтыру қажет. Толтыру дәрежесін бақылау үшін таразы қолданылады. Сондай-ақ, пештен кемінде 1 метр және 5 метр қашықтықта тұруы тиіс. Аталған нормаларларды сақтау бірінші кезекте адам өмірін сақтайды.
Мамандар өрттің алдын алу мақсатында әлі де түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Олар жыл басынан 500-ге жуық тұрғын үйге барып, жаднама қағазын таратыпты.
Гүлден Сембаева