Қоғам

Облыс әкімі ҰОС ардагерін туған күнімен құттықтады

ФЁДОР ЩЕГЛОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Ол кезде менің жасым 18-ге де жетпеген еді. Әлі бала едім. Күз кезінде көлікпен алып кетті. Анам артымнан жылап қала берді.

Федор Щеглов Кеңес әскері қатарына 1944 жылы шақырылған. Ол Уфа қаласы маңында бірнеше айлық оқу-жаттығу жиынынан өтеді. Кейін 371-Атқыштар дивизиясының қатарына қосылады. Сарбаз алғаш соғысқа Кенигсберг қаласында түсіпті. Германияның Палау шаһары үшін де жан алысып, жан беріскен. Сол кезде тумастай болып көрінген Жеңіс күні ардагердің әлі есінде екен.

ФЁДОР ЩЕГЛОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Біз 11 кезінде Красноярскіге келдік. Сонда Жеңіс күнін тойладық. Қуанышта тек болмады. Бізге ыстық түскі ас беріп, моншаға апарды. Содан кейін Қиыр Шығысқа аттандық.

Тағы да ұрыс, тағы да қиындық. Федор Щеглов Жапонияға да қарсы тұрды. Бұл соғыс 3 қыркүйекте аяқталды. II дәрежелі Отан соғысы орденінің кавалері, «Жапонияны жеңгені үшін» медалі. Ардагердің бірсыпыра марапаты бар. Бүгін жас күнінде толарсақтан саз, тізден су кешкен қария 97 жасқа толып отыр. Туған күн иесін алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО әкімі:

– Сізге зор денсаулық пен амандық тілейміз. Жас ұрпақ сізден үлгі алып, өсіп жатыр. Біз сіз сияқты ардагеріміздің барына қуанамыз, мақтан тұтамыз. Енді 3 жылдан кейін 100 жылдық мерейтойыңызды тойлап отыруға жеткізсін! Жақсы күндерде ғана жолығайық!

Федор Щеглов ұзақ жылдар бойы құрылыс ұйымында жұмыс істеді. Қазір өзі жалғыз тұрып жатыр. Марқұм зайыбы екеуі 5 бала өсіріпті. Майдангер – 5 немере мен 13 шөберенің атасы. Қоса кетейік, бүгінгі күні өңірімізде 4 соғыс ардагері тұрады.

 

Ақжүніс Мұқатай