Көшеде емін-еркін жүрген бір топ бұралқы иттің мына видеосы әлеуметтік желіде тез таралды. Арс-арс еткен төртаяқтылар ересек адамнан қаймықпайды. Шабуылдауға дайын тұр. Егер бұл жерде бала жүрсе, иттер тура ұмтылары сөзсіз.
Алайда, кейбір иттер ересек адамнан да қорықпайды. Жерде аунап, сөмкесімен қорғануға тырысқан мына әйелдің есінен осы сәт ешқашан шықпасы анық. Ғылымға сүйенсек, инфекциялық ауру тасымалдаушы жануарларда құтыру белгісі пайда болса, адамдарға міндетті түрде шабуылдайды. Өкінішке қарай, қоғамда мұндай жайттар тіркеліп жатыр. Өткен жылдың статистикасын ұсынайық. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, былтыр аймақта 858 жанды ит қапқан. Оның 360-ына қаңғыбас иттер азу батырыпты.
АМАНЖОЛ НҰРТАЗИН, облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы:
– 2023 жылы жергілікті бюджеттен иттерді ұстауға, зарарсыздандыруға және чиптеуге 17,1 млн теңге бөлінді. Осы қаражат бойынша 300 жануар ұсталды. Оның 297-сі – ит, 3-еуі – мысық.
Қазір Петропавлда “Белый Бим” және “Исаков-Андрей” секілді жануарлар үйі көпшілікке белгілі. Алғашқысы 400 итке арналса, екіншісі 500 ит пен 300 мысықты сыйдыра алады. Қала тұрғыны көшеде топтасқан жануарларды көрсе, “I Komek” 109 қызметіне хабарлауы тиіс. Мамандар тиісті шара қолданады. Егер ит-мысықтан белгі анықталса, иесіне қайтарылады. Бүгінгі күні “TANBA” ақпараттық жүйесінде 7030 үй жануары тіркеуде тұр.
АМАНЖОЛ НҰРТАЗИН, облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы:
– Жалпы, облыста ит пен мысықты ұстауға арналған 3 тәлімбақ бар. Оның 2-еуі Петропавлдың өзінде шоғырланса, 1-еуі Қызылжар ауданына қарасты Вишневка ауылында орналасқан. Соңғысы 500 басқа арналған. Заң бойынша ит пен мысықты өлтіруге тыйым салынған.
Алайда, бұл тыйым әр уақытта ескеріле бермейді. Өткен жылы аққайыңдар өлкесінде жануарларға қатысты 724 адам құқық бұзған. Оларға 19 млн теңдеген астам айыппұл салыныпты.
Ақжүніс Мұқатай