Қазақстанда 39 инфекция бойынша сырқаттанушылық төмендеді. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жаңа жылдағы бірінші Үкімет отырысында Қазақстандағы қазіргі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, өткен жылы қауіп-қатер тобына жататын 2,4 млн адам тұмауға қарсы екпе алды, бұл халықтың 12% құрайды. Жалпы эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері стационарларда 31 мыңнан астам науқас емделді, 2 млн-нан астам адам амбулаториялық ем алды. Өткен жылдың соңында елде 29 мыңнан астам қазақстандық қызылша жұқтырған, оның 80% – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал қаңтардың алғашқы жұлдызынан бастап 2 мыңға жуық отандасымызда қызылша ауруы тіркелді. Жағдайды тұрақтандыру үшін вакциналау жүргізіліп жатыр.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:
– Тек өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр. Олардың 80% жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар. Жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – екпе салу. Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін қосымша 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Осы мақсаттар үшін Үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Алайда, көріп отырғанымыздай, кейбір өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизациямен қамту деңгейі әлі де төмен.
Гүлден Сембаева