Қоғам

“Ұлттық қор – балаларға” жобасы іске қосылды

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап “Ұлттық қор – балаларға” жобасы ресми түрде іске қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылған бастаманың үйлестірушісі – Қаржы министрлігі болса, операторы – “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры”. Ағымдағы айдың ортасында жоспарлы қаржы аударылатын 7 млн ұл-қыздың нақты тізімі жарияланады. Ал ақпаннан бастап кәмелетке толмаған балалардың шотына қордың инвестициялық табысының 50 пайызы түсіп отырады.

ҒАЛИЯ МҰҚАНОВА, “БЖЗҚ” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– 2024 жылғы 15 қаңтарға дейін “БЖЗҚ” АҚ 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша “Жеке тұлғалар” мемлекеттік деректер базасында тіркелген балалардың тізімін құрады. Осы жылдың 22 қаңтарынан “БЖЗҚ” АҚ әрбір балаға тағайындалатын нысаналы талаптардың сомасын есептейді және мәліметтерді ақпарттық базаға енгізеді.

Жалпы, “Ұлттық қор – балаларға” жобасының мақсаты – жас ұрпақты қолдау. Келешекте ел азаматы жиналған қаржыны екі бағытта: оқу ақысын төлеу не тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жұмсай алады. Бірақ, баспана ел аумағында орналасуы тиіс. Ескерер жайт, егер бала қайтыс болса немесе өзге мемлекеттің азаматы атанса, Ұлттық қордан төлем аударылмайды және жиналған ақша жоба қатысушысына берілмейді.

ҒАЛИЯ МҰҚАНОВА, “БЖЗҚ” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– 18 жасқа толмаған балалар 1 ақпаннан бастап нысаналы талаптардың түсуін “enpf.kz” немесе “egov.kz”-те тексере алады. Ал биыл 18 жасқа толатын ұл-қыздар 25 қаңтарға дейін “БЖЗҚ” АҚ нысаналы жинақтарды аудару үшін ҚР ҰБ-ға өтінім жібереді. 29 қаңтар олардың сомасы аударылып, 1 ақпан шоттары ашылады.

Айта кетейік, ата-аналар ешқандай құжат жинамайды. Себебі, процесс тұтас автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, тұрақты түрде тиісті жұмыс жүргізіп отырады. Болжам бойынша 2024 жылы туған баланың шотына 18 жылда 3 жарым мың АҚШ доллары жиналуы тиіс. Егер ақша кәдеге жаратылмаса, азаматтың зейнетақы шотына аударылады.

 

Ақжүніс Мұқатай