Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Петропавлдағы өндіріс орындарын аралады

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы бірқатар өндіріс орнын аралады. Облыс әкімі алдымен «Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешеніне» барды. Компания жергілікті шикізатты пайдалана отырып макаронның 30-дан астам түрін өндіреді. 1996 жылы құрылған. Содан бері түрлі макарон өнімдерін, ұн өндіріп, астықты сақтаумен айналысып келеді. Кешен сағатына 8 тонна, күніне 192 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Макарондар тек ел көлемінде емес, сонымен қатар Ресей, Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғаныстан және Моңғолияға тасымалданады.

ЕЛЕНА ТКАЧЁВА, «Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешені» АҚ директорының орынбасары:

– Бізде екі диірмен бар. Біреуі қатты бидай сортын үгеді. Яғни, біз өз шикізатымыздан жоғары сортты ұн аламыз. Содан макарон жасаймыз. Ал екінші диірмен жұмсақ бидайды өңдеуге арналған. Ол жерде тұтынушыларға арналған жоғары сортты ұн шығарылады.

Кейін Ғауез Торсанұлы нан-тоқаш комбинатына ат басын бұрды. Бұл жерде кондитерлік өнімдер өндіріледі. Комбинатта нан ашытып, илеуге 7 сағат кетеді екен. Облыс әкімі «Береке» шағын ауданындағы балабақшаның құрылысымен де танысты. Мектепке дейінгі мекеменің құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қазан айында басталған. Балабақша биыл қарашада қолданысқа берілмек.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Облысымызда мектепке дейінгі тәрбиемен 17 мыңнан астам бала қамтылған. Петропавлда қажеттілік бар. Осы қажеттілікті жабу үшін 140 орынға арналған балабақша салынып жатыр. «Основания» компаниясы жауапты. Жоба құны – 1 млрд 300 млн теңге.

Өңір басшысы «Радуга» компаниясының көтерме тарату орталығына да барды. Мекемеде тұтынушыларға қажетті азық-түлік, тұрмыстық және химиялық заттар сақталады. Ғауез Торсанұлы «ДЕЗ» ЖШС де болды. Компания нарықта 21 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта серіктестікте 70 жұмысшы бар.

ДУРСУН ТАНРИКУЛУ, «DEZ» ЖШС бас директоры:

– Шығарған өнімді Ауғанстанға жібереміз. Ұнның 85 пайызын экспорттасақ, қалған 15 пайызы ішкі нарықта, яғни Қазақстанда сатамыз. Түркияға дәнді дақылдар, жасымық, зығыр жібереміз.

Ғауез Нұрмұхамбетов «Урал» мотоцикл құрастыру компаниясына да барды. Тауар Австрия, Корея мен Ресейге тасымалданады. Компания өткен жылы 390 мотоцикл құрастырған.

СЕРГЕЙ ДИТЮК, «IMZ-KAZAKHSTAN» ЖШС директорының орынбасары:

– Біздің мотоциклдар Еуропа мен Азия елдеріне, Ресей федерациясына және басқа да көрші елдерге тасымалданады. Бағасы 20 мың доллардан басталып, түсіне және жабдықталуына қарай өсе береді.

Қазіргі уақытта бұл компанияда 20 жұмысшы еңбек етеді. Еңбекақылары 200 мың теңгені құрайды. Биылдан бастап мотоциклдарды Қазақстанда сатуды жоспарлап отыр.

 

Мәдина Қаби