Денсаулық сақтау

Қызылша неге әкеліп соқтыру мүмкін?

Аққайыңдар өлкесінде қызылшаға құрық салынбай тұр. Өткен жылдың басынан бастап өңірімізде індетке күдікті 403 жағдай тіркелсе, оның 254-і расталған. Бұл ретте сырқаттанушылық бір ғана желтоқсан айында 47-ден 168-ге дейін немесе 3,5 есеге өскенін айта кету қажет.

НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінгі күні қызылша күдігімен 32 науқас емделіп жатыр. Оның 9-ы ересек адам болса, 23-і – бала. Екпе жайына келетін болсақ, 2 бала ғана вакцина қойдырған.

Қызылшаға немқұрайлы қарауға болмайды. Індет аса қауіпті деп сенімді түрде айту керек. Мұны дәрігерлер де алға тартады. Баспасөз мәслихатына арнайы шақырылған №1 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі Айнұр Әбіл дерттің неге әкеліп соқтыруы мүмкін екенін баян етті.

АЙНҰР ӘБІЛ, №1 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі:

– Қызылша конъюнктивит, отит ауруына әкеп соғуы мүмкін. Ең жиі кездесетін – пневмония. Тіпті, қызылша баланың өліміне де әкелуі мүмкін.

Бала көтеруді жоспарлаған аналардың құлағына алтын сырға! Қызылшадан барынша сақтану қажет. Себебі, инфекция анаға да, сәбиге де ауыз толтырып айтарлықтай зиян келтіруі ықтимал.

АЙНҰР ӘБІЛ, №1 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі:

– Ана жүктілік кезінде қызылша жұқтырса, іштегі баланың бір ағзасы зақымдануы мүмкін. Бұл өмірге сай емес баланың өмірге келуіне әкеледі.

Қуанышымызға орай, қызылшаны екпемен ауыздықтай аламыз. Соңғы уақытта қоғамның пікірі өзгергендей. Өңірімізде, оның ішінде Петропавлда вакцина қойдырушы жандардың саны күннен-күнге артып келеді екен.

АЙНҰР ӘБІЛ, №1 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі:

– Біздің емхана бойынша 984 бала екпе алды. Барлығының жағдайы жақсы. Екпе жеңіл түрде өтеді.

Сөз соңында тағы да сандарды сөйлетеміз. Осы күні өңірімізде 265 екпе егу пункті жұмыс істейді. Вакцина қорына келер болсақ, облыста екпенің 25 мыңнан астам дозасы бар.

 

Байболат Құлтанов