Қазақстанда 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялау жүргізіліп жатыр. Бұл науқан 4 кезеңнен тұрмақ. Ағымдағы жылдың алғашқы күнінде 3 кезең бастау алды. Міндетті шара жайлы журналистерге мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Саян Мейрамов баян етті.
САЯН МЕЙРАМОВ, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
– 21-ші жылдың 1 қаңтарынан бастап кіру декларациясын мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары тапсырды. 2 кезеңде мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайлары тапсырды.
Брифинг барысында Саян Мейрамов 3 кезеңге толығырақ тоқталды. Бұл науқан елімізде 15 қыркүйекке дейін созылмақ.
САЯН МЕЙРАМОВ, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
– Заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсырады. Егер кәсіпкер немесе заңды тұлға қызметті жүргізбесе де, декларация ұсынуы тиіс.
Жоспар бойынша жалпыға бірдей декларациялау 13 млн жуық қазақстандықты қамтуы тиіс. Айтпақшы, тұлға міндетті мүлде орындамаса немесе толық орындамаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
САЯН МЕЙРАМОВ, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
– Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген – бірінші рет ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге мөлшерінде айыппұл (3 АЕК).
Баспасөз мәслихатында журналистер спикерге бірнеше сауал қойды. Тақырыптан тыс та сұрақтар болды. Қазір кейбір кәсіпкерлер QR-код арқылы есеп айрысудан бас тартып жатқаны белгілі. Бұл – заңға қайшы әрекет. Саян Мейрамов мұндай факті тіркелсе, департаментке хабарласу қажеттігін айтты. Мамандар тексеруден кейін ережені сақтамаған іскер жанға талап бойынша айыппұл салады.
Байболат Құлтанов