Қоғам

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілді

1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілді. Нақтырақ айтсақ, 15 мыңға ұлғайды. Көпке мәлім кірісті арттыру жайлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға өзінің былтырғы Жолдауында тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз бұған дейін уәде бергеніміздей Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек етететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Бұдан басқа, Үкімет бюджет саласы қызметкерлері жалақысының деңгейін арттыру жөніндегі дәйекті шаралар қабылдауда.

АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Мәселен, 2020 жылдан бастап педагогтердің жалақысы кезең-кезеңмен артып, 2 есеге өсті. 2021 жылы медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңмен арта бастады. Нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы да 2 есеге өсті.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жұмысының бір бағыты – жұмысшыларға жалақының тұрақты төленуін қамтамасыз ету. Егер бұл міндет орындалмаса, жұмыс беруші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Яғни, айыппұл салынады.

АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Лауазымды тұлғалар үшін – 30 АЕК, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар – 60, орта кәсіпкерлік субъектілері – 100, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 150 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Сандарды сөйлеткен Азат Көшербаев облыс аумағындағы жұмыс берушілерді ҚР еңбек заңнамасын сақтауға шақырады.

 

Мәдина Қаби