Қазақстан жаңалықтары

БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары саласындағы Қазақстанның ұлттық индикаторларын өзектендіру мәселелері ТДМ жөніндегі үйлестіру кеңесінің 7-ші отырысында талқыланды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен талқылауға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, БҰҰ, БҰҰДБ және Еуропалық Одақ өкілдері қатысты. Бүгінгі таңда Ұлттық индикаторларға ревизия жүргізу және олардың кейбірінің мәртебесін қайта қарау қажеттігі атап өтілді.

Атап айтқанда, өзекті санатқа барлық вакциналармен иммундаумен қамтылған халықтың үлесі, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері, парниктік газдар шығарындыларының көлемі және т. б. бойынша индикаторларды қосу ұсынылады. Бұл Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуі жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесі 2024 жылға арналған ТДМ іске асыру жөніндегі шаралар жоспарын бекітті. Премьер-Министр мемлекеттік органдардан оның уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді талап етті.