Солтүстікқазақстандық дәл мерекеде сан соғып қалды. Ол жаңа жылдың алғашқы күндері әлеуметтік желіде тауар сату жөніндегі жалған хабарландыруға тап болады. Кейін хабарласып, қулардың айтуы бойынша 56 мың теңгені аударып жіберген. Қазір полицейлер күдіктіні анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.
АЗАМАТ ЕСТАНОВ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:
– Өткен жылы облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 771 фактісі тіркелген. Аталған санаттағы 120-дан астам іс сотқа жіберілді. Солтүстікқазақстандық полицейлердің халықпен жүргізген профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде 825 адам алаяқтардың талаптарын орындаудан бас тартып, сәтсіз алдау әрекеті туралы полицияға хабарлаған.
Полицейлердің мәліметінше, ең кең таралған интернет-алаяқтық әдістерінің бірі – түрлі бағыттағы телефон қоңырауы. Қаскүнемдердің мақсаты – банк карточкасының нөмірін алып, тұрғындарды AnyDesk, RustDesk, HopToDesk қосымшаларын орнатуға мәжбүрлейді. Осыдан кейін адамдар санаулы секундтар ішінде шоттарындағы барлық ақшаны жоғалтады. Өткен жылы облыс орталығының 320-дан астам тұрғыны желілік алаяқтардың құрбаны болыпты.
АЗАМАТ ЕСТАНОВ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:
– Криминогендік жағдайды ескере отырып, профилактикалық жұмыс барлық мемлекеттік органдармен, екінші деңгейдегі банктермен, микрокредиттік ұйымдармен жүзеге асырылады.
Тәртіп сақшылары тағы да тұрғындарға ешқашан жеке деректерді ешкімге бермеу қажет екенін еске салады. Алаяқтар қоңырау шалған кезде бірден тұтқаны қойып, “102” нөмірі арқылы полицияға хабарлау қажет.
Гүлден Сембаева