Қоғам

Сан-саладағы теріскейліктер Президент сұхбатына үн қосты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бірнеше күн бұрын берген сұхбатында ел аузында жүрген әңгімелерге ашық пікір білдіріп, өзекті мәселелерге қатысты қорытынды ойын айтқан болатын. Бірқатар бастама мен жобаның жай-жапсарына да тоқталды. Қазір мемлекет басшысының айтқандары жұрт арасында қызу талқылануда. Үн қосып жатқандар да жоқ емес. “Сенімен болашақ” РҚБ жергілікті филиалы басшысы Жанат Мұхамеджанов аса маңызды тұстарды ой дәптеріне түртіп алыпты.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен болашақ” РҚБ СҚО филиалының басшысы:

– ҚР Президенті “Егемен Қазақстан” газетіне береген көлемді сұхбатында бүгінгі таңдағы түйткілді мәселелерді қозғап өтті. Өзіме ұнаған тұстары баршылық. Қазір Конституцияға өзгертулер енгізілуіне байланысты елде саяси реформалар жүріп жатыр. Оның айқын дәлелі – ауылдық округ пен аудан әкімдерінің сайлауы.

Мемлекет басшысы қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу үшін билік тарапынан қандай шаралар қарастырылып жатқанын айтты. Бұл тұсқа да Жанат Мұхамеджанов ерекше мән береді.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен болашақ” РҚБ СҚО филиалының басшысы:

– Ұлттық құрылтайда көп мәселе қаралып жатыр. Заңнамалық актілерге де өзгерістер енуде. Бізді толғандыратын мәселе – отбасындағы зорлық-зомбылық. Ел Президенті бұл мәселені өткен жылы 3 мәрте көтерген болатын. Қуантатыны, бұл проблемаға қатысты арнайы заң әзірленіп жатыр.

Мемлекетіміз үшін зор сынаққа айналған “Қаңтар оқиғасы” да қалыс қалмады. Халыққа осы күнге дейін бұлыңғыр болып келген күндердің бір парағы қазір ашылды десек болады.

ЗӘУРЕ ҚАРТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ тарих, экономика және құқық факультетінің деканы:

– Сұхбаттағы әлеуметтік-гуманитарлық саладағы көптеген жаңалықтарға назар аудару қажет. Біріншіден, Президент тарихи шынайылық мәселесін көтерді. Онда “Қаңтар оқиғасы” мен 2019-2022 жыл аралығындағы саяси билікке қатысты оқиғаларға әділ баға берілді. Бұл өте дұрыс. Себебі, “Қаңтар оқиғасының” өткеніне осымен 2-ші жыл өтсе де, ешкім нақты жауап алмаған едік.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың ерекше маңызды болатынын айтып кетті. Биыл тиянақты әрі жоспарлы әрекет жасап, алға ұмтылуымыз керек. Ел халқының біртұтас болуы аса маңызды.

ЗӘУРЕ ҚАРТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ тарих, экономика және құқық факультетінің деканы:

– Екінші мәселе – ұлттық идентификация. Қоғамдық-азаматтық даму бағытында тарихи оқиғаларға мән беріп, насихаттау өте қажет. Осы тұрғыда біз 2024 жылы Жошы ұлысының 800 жылдығы мен Қаныш Сәтпаев пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Бұл не үшін қажет? Бұл қоғамды біріктіріп, ұлттық кодымызды жаңа деңгейге көтеру үшін қажет.

Сұхбат ауқымды. Мақала да бірнеше беттен тұрады. Мұнда мемлекет басшысы елдегі қос билік туралы қойылған тура сұраққа тура жауап бергені де бер.

 

Ақжүніс Мұқатай