“Қызылжар” футбол клубы алдағы маусымға дайындалып жатыр. Әзірлік жұмыстары әдеттегідей Түркия елінде өтеді. Алғашқы оқу-жаттығу жиыны қаңтардың 10-шы жұлдызында басталып, 30-ы күні аяқталмақ. Қазір шеберлік шыңдау мақсатында қарсылас командалар анықталуда. Бұл ретте айта кетейік, ұжым капитан Еркін Тапаловпен қош айтысты. Ол қостанайлық “Тобылдың” қатарын толықтырды. 1 жарым жыл өңір намысын қорғаған Батыс Қазақстан облысының тумасы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында клуб басшылығына, әріптестеріне және жанкүйерлерге алғыс білдірді. Осы күндері “Қызылжарға” бірнеше футболшы қосылып үлгергенін де хабарлау қажетпіз. Енді петропавлдық команда сапында талдықорғандық жартылайқорғаушы Мәди Хасен, латвиялық қорғаушы Владислав Сорокинс және украиналық шабуылшы Алексей Щебетун өнер көрсетпек. Соңғысы Литва чемпионатында 60 ойын өткізіп, 20 гол соққан және 7 нәтижелі пас берген.
Байболат Құлтанов