Биылдан бастап 5 пен 8-ші сынып аралығындағы және 10 сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Мемлекеттік тілді білу деңгейі сыналатын сынақ мамыр айына жоспарланған. Ол жазбаша және ауызша түрде өтеді. Балалардың тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу сияқты дағдылары бағаланады. Ал тапсырмаларды мұғалімдер дайындайды.
АЛМАГҮЛ ОСПАНОВА, СҚО білім басқармасының бас маманы:
– Әрбір мұғалім емтихан сұрақтарын өзі дайындап, мектептегі педагогиялық кеңесте материалдары қарастырылады. Әкімшілікпен бекітіледі. Оқу жылында оқушылармен дайындық жұмыстары жүргізіледі. Ата-аналармен де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Осы ретте айта кетейік, биылдан бастап өзге отандастарымыздың да мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі сыналады. Яғни, Ұлттық тестілеу орталығы сынақтар өткізіп, сол бойынша сертификаттар береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қазақ тілін білу – мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР Президенті:
– Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани бірліктің тұлғасы. Сонымен бірге қазақ тілі ғылым мен білімнің озық жетістіктерімен таныстыру құралына айналуы тиіс. Мемлекеттік тілді меңгеру – белгілі бір азаматтың қаншалықты мәдениетті дамығанын, оның бойында азаматтық жауапкершіліктің қаншалықты дамығанын, сайып келгенде, оның қаншалықты ұлтжанды екенін көрсететін көрсеткіш.
Еске сала кетейік, бұған дейін мұндай емтиханды 9-шы және 11-ші сынып оқушылары ғана тапсырды.
Ақжүніс Мұқатай