Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Қазақстанда «Заң үстемдігі» жобасы іске қосылды

Заң бұзушылықтардың алдын алу және қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Аталған міндеттерді іске асыруға «Әділдік жолы» РҚБ білек сыбана кірісті. Нақтырақ айтқанда, ұйым «Заң үстемдігі» атты жобаны іске қосып отыр. Оның негізгі мақсаты – қоғамда белең алып тұрған жемқорлыққа қарсы орта қалыптастыру.

АЙНАГҮЛ НҰРАХМЕТОВА, “Әділдік жол” ҚБ СҚОФ жетекшісі:

– Бұл жоба мемлекет басшысы атап өткен «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы және қоғамдағы заң мен құқықтық тәртіп үстемдігін қалыптастырудағы нақты қадамдардың бірі болмақ. «Заң үстемдігі» жобасына кез-келген ел азаматы қатыса алады. Әрбір тұрғын сыбайлас жемқорлық фактілерімен немесе басқа да мәселелермен 1463 Call-орталығына не Adildik.kz сайты арқылы хабарлап, өз сауалдары бойынша құқықтық кеңестер мен көмек ала алады. Бұның барлығы тегін.

“Әділдік жолы” бірлестігі 2 жыл белсенді жұмыс атқаруда. Осы уақыт ішінде арнайы байланыс орталығына хабарласқан 8 мыңғы жуық теріскейлік азаматтың өтініші қаралған. Нәтижесінде 1206 тұлға түрлі заң бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 800 млн теңгеден астам қаражатты бюджетке қайтарыпты.

АЙНАГҮЛ НҰРАХМЕТОВА, “Әділдік жол” ҚБ СҚОФ жетекшісі:

– Мемлекеттік сатып алу саласын бақылау аясында 15,1 млрд теңгеге бағаны көтеру және заңнаманы бұзу бойынша 1000-ға жуық факті анықталды. Осы және өзге де фактілер бойынша 300-ден астам мемлекеттік орган басшысына немесе өзге де тұлғаларға жалпы сомасы 264 миллион теңге айыппұл салынды. Заңды тұлғаларды қоса алғанда, 626 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, ұйғарым шығарылды. Құқықтық кеңес беру және сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау мақсатында 900-ден астам ауылға сапар ұйымдастырылды.

Тілдесу барысында Айнагүл Нұрахметова ең көп түсетін хабарлама жайлы да айтты. Оның сөзінше, бірлестікке құрылыс саласындағы парақорлық жайлы жиі ақпар жолданады.

 

Ақжүніс Мұқатай