Кеше теріскейге ат басын бұрған Сенат өкілдері бүгін Мамлют ауданының жай-күйімен танысты. Бұл – №1 Мамлют мектеп-гимназиясы. Өткен жылдың қарашасында аталмыш білім ұясы “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының “Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту” бағдарламасы арқылы материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіліпті.
Бұл мектепте 447 оқушы орыс тілінде білім алады. Қазір сабақтар интерактивті панельдер және жаңа құрылғылар арқылы жүргізілуде. Барлығы су жаңа. Жоғары палата өкілдері нысанды аралап, жоғары баға берді.
ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Бүгін Мамлют ауданының орталығы – Мамлютка қаласына келіп отырмыз. Бұл – халқы аз болғанмен қала санатына кіретін елді-мекен. Дегенмен, “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасына үнемі енбей, қаржыландырылмай қалып жатады. Қазандық, ауыз су және жол мәселесіне келгенде, осындай кішкентай қалалар тыста қалып жатыр.
Сенаттықтар Мамлюткада 2016 жылы салынған орталық қазандықтың да жұмысымен танысты. Ол 5 әлеуметтік маңызы бар нысанды жылытады. Мұндағы 2 пештің бірі негізгі болса, екіншісі – резервтік. Депутаттар бұның жеткіліксіз екенін алға тартты.
Мамлюттіктер айта-айта жауыр болған ауыз су мәселесі көп ұзамай шешімін таппақ. Бұл проблемамен депутаттар өткен жылы танысып, билікке жеткізіпті. Нәтижесінде маңызды жобаға 500 млн теңге бөлінбек.
ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Өткен жылы ауыз су мәселесі көп көтерілген болатын. Аудан орталығы болса да су әлі күнге дейін үйге кіргізілмеген екен. Өткен жылы 2024-2026 жылдардың бюджетін қарастырып, осы мәселені шештік деуге болады.
Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының негізгі мақсаты – облыс халқының әл-ауқатымен танысу әрі өзекті мәселелерге назар аударып, шешімін табуға көмектесу.
ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Біздің негізгі мақсатымыз – Сенаттың жұмысымен таныстыру, қандай заң жобалары қолға алынды немесе қабылданды, қандай мәселелерге ерекше көңіл бөлінді, міне осыларды жеткізу. Осы іс-сапар кезінде халықпен кездестік. Жол-су мәселелері көтеріліп жатыр. Қызылжар ауданына жаңа емхана керек деп жатыр. Тағы да басқа мәселелер бар.
Жоғары палата өкілдері ертең М.Жұмабаев ауданына бармақ. Мұнда да әлеуметтік маңызы бар нысандармен және өзекті мәселелермен танысу жоспарланып отыр.
Ақжүніс Мұқатай