Мәдениет

Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың дүниеге келгеніне – 100 жыл

Биыл КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, жерлесіміз Зейнел-Ғаби Иманбаевтың дүниеге келгеніне – 100 жыл. Осыған орай облыс орталығында«Қайсар жазушы» дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды. Қаламы қарымды қаламгер – 10 баланың әкесі. Бүгінгі шараға қызы Марал Оспанова қатысты. Нәзікжандының айтуынша, әкесі көпшіл, тез тіл тапқыш адам болған.

МАРАЛ ОСПАНОВА, Зейнел-Ғаби Иманбаевтың қызы:

– Қоғамшыл кісі болған. Қоғамға өзінің пайдасын тигізу үшін жақсы істерге ат салысып жүрді. Ол бір сұхбатында “Қоғамсыз өмір сүре алмаймын” деген еді. Ауылдың адамдарына да қол ұшын созып жүрді.

Қасиетті Шал ақын жерінде туып, 63 жыл ғұмыр кешкен қаламгердің өмір жолы тақтадай тегіс болды деп айта алмаймыз. Ол Баян орта мектебін бітіргеннен кейін, колхозда есепші болып еңбек етті. Өкінішке қарай, осы жалынды жастық шағында айықпас дертке шалдықты. Алайда, Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармашылықтан қол үзбеді. Дертпен арпалыса жүре 17 бірдей кітапты өмірге әкелді. Жазушының туындыларында ауыл өмірі және қарапайым еңбек адамдары жайлы көп жазылған.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Ғалымдардың айтуынша, Зейнел-Ғаби – ауыл өмірінің жыршысы. Ауыл өмірін өте керемет суреттеген жазушы.

Бүгінгі кездесуде Зейнел-Ғаби Иманбаевтың өмірі мен қызметі туралы кеңінен айтылды. Шарада жазушының жеке қорынан алынған фотоқұжаттар негізінде көрме де ұсынылды.

 

Гүлден Сембаева