Білім

Жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі бастау алды

Мықтылар сайысқа түспек! Петропавлда жалпы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі бастау алды. 2 күнге созылатын білім бәйгесі Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты мен ЛОРД дарынды балаларға арналған лицей-интернатында өтуде. Елдар Жұмабек Қазақстан тарихына жақын. Алдағы мамырда үлкен өмірге қанат қағатын жас былтыр республикалық додада 3-ші орын алыпты. Биыл топ жаруға ниетті.

ЕЛДАР ЖҰМАБЕК, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Тарих өте қызықты және болашақ жастарды тәрбиелеуде маңызды құрал деп ойлаймын. Мысалы, ұлы даламыздың мың жылдық тарихында көптеген оқиғалар болды. Олардың себеп-салдарын білгім келеді. Сонымен қатар, тарих патриоттық сезімімді нығайтады. Қазақстан тарихына 7-ші сыныптан бері қызығамын. Өзім сабақтан кейін мектепте қалып, қосымша негізде оқи бердім.

Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі 15 пәннен тұрады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғысы келетін жастардың 275-і қоғамдық-гуманитарлық бағытты таңдаса, 148-і математика-жаратылыстану бағытын таңдапты. Ескерер жайт, білім бәйгесі аяқталғасын нәтижеге көңілі толмаған оқушысы шағым білдіре алады. Яғни, тура ҰБТ-дағы сияқты апелляцияға беру мүмкіндігіне ие.

ҚУАНЫШ БЕЛГІБАЙ, «Қызылжар дарыны» дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директоры:

– Олимпиадаға 400-ге жуық бала қатысуда. 2 бағыт бойынша өтеді. Ата-аналар мен ұстаздар балалардың олипиадаға қалай қатысып жатқандарын тікелей трансляция арқылы бақылай алады. Практикалық тур ертең өтеді. Ол М.Қозыбаев атындағы СҚУ базасында ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, бұл – жалпы пәндер бойынша олимпиаданың ақтық облыстық кезеңі. Яғни, осы додада үздіктер анықталады. Олар өңір намысын наурыз айында республикалық сайысқа қорғамақ.

 

Мәдина Қаби