Білім

ҰБТ тапсыру уақыты 30 минутқа қысқарады

Ұлттық біріңғай тестілеуге тағы да өзгеріс енгізілді! Енді ҰБТ тапсырушы үміткерлерге 240 емес, 210 минут беріледі. Бұл – 3 сағат 30 минут.
Сынақтағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады. Яғни, үшеуі – міндетті және екеуі – таңдау пәндері. Алайда “Оқу сауаттылығы” мен “Математикалық сауаттылық” міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны 40-ға дейін ұлғаяды. Емтихан тапсырмалар саны мен жоғары балл өзгеріссіз қалды. Демек, жалпы 120 сұрақ пен 140 балл өзгерген жоқ. Жекелей тоқталсақ, Қазақстан тарихы – 20 тапсырма, Оқу сауаттылығы – 10, Математикалық сауаттылық – 10 және екі бейіндік пән бойынша – 40 тапсырма. Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. Сонымен қатар, шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлер “Қазақстан тарихы” мен “Оқу сауаттылығы” пәндерімен қатар, “Математикалық сауаттылықты” міндетті пән ретінде тапсырады. 2024 жылы талапкерлер ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады. Оның екеуі грант тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік берсе, қалған үшеуі ақылы оқуға түсуге мүмкіндік береді.

 

Байболат Құлтанов