Бүгінде елімізде 11 мыңнан аса кітапхана түрлі ақпараттық жүйелер мен каталогтарды қолданады. Еліміздегі кітап қорын жүйелеу үшін бірыңғай автоматтандырылған платформа жасақтау жұмысы басталды. Мамандардың сөзінше, оның арқасында оқырмандар қажетті еңбекті немесе оның электронды нұсқасын оңай таба алады. Жүйені енгізу аясында барлық кітапханаға кіру мүмкіндігі қарастырылған бірыңғай электронды оқырман билеті әзірленеді. Қолданушылар электронды үкімет порталы арқылы тіркеліп, билетке қол жеткізбек. Платформаны пилоттық режимде 2024 жылы іске қосу жоспарланған. Бастапқыда ол ірі кітапханалар базасында жұмыс істей бастайды.
ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
– Цифрлық платформа еліміздегі барлық кітап қоры азаматтарға қолжетімді болуы үшін әзірленіп отыр. Сондықтан ең алдымен электронды нұсқаға 10 ірі кітапхана өтеді. Ал қалғандары сәйкестендіру жұмыстарын қолға алуы керек. Кітап қоры толықтай сәйкес келген жағдайда кітапханалар оқырманға арналған іздеу бағдарламасын бейімдеуі тиіс.
Байболат Құлтанов