Солтүстікқазақстандық полицейлер мерекелік 3 күнді қорытындылады. Желтоқсанның 31-і мен қаңтардың 1-і және 2-сі күндері “102” жедел арнасына 1 154 қоңырау келіп түскен. Олардың 400-ге жуығы мамандардың жедел әрекет етуін талап етіпті.
Толығырақ тоқталайық! Полицияға келіп түскен мыңнан астам хабарламаның 10-ы – ұрлыққа, 3-еуі – алаяқтыққа, ал 38-і отбасылық жанжалға қатысты болды. Сондай-ақ, түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 26 фактісі тіркелді. Барлық шақырулар бойынша қажетті шаралар қабылданған.
ҚАЙЫРБЕК БАЙМӨНКЕНОВ, Петропавл қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының бастығы:
– Жаңа жыл мерекесінің қорытындысы бойынша облыс орталығында криминогендік жағдай тұрақты. Ауыр және аса ауыр қылмыстар тіркелмеді. «102» арнасына 31-ші желтоқсан мен 2-ші қаңтар аралығында 369 өтініш келіп түсті. Олардың көпшілігі – отбасылық ұрыстар мен тыныштықтың бұзылуы. Қала бойынша бейнебақылау камераларының көмегімен 66 түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
31-ші желтоқсан мен 2-ші қаңтар аралығында облыс жолдарында мас күйінде көлік жүргізген 5 жүргізуші ұсталды. 6-шы және 7-ші қаңтар – демалыс күндері облыс полицейлері Петропавлда, аудандарда және қала сыртындағы жолдарда және өңірдің автожолдарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете отырып, күшейтілген режимде қызмет атқарады.