Жамбыл ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұл лауазымды Азамат Бектасов атқарады. Азамат Бауыржанұлы 89-шы жылы Есіл ауданындағы Қарағаш ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 2011-де мұғалімдіктен бастаған. Осы тағайындауға дейін облыстық экология департаментінің басшысы қызметін атқарды. Ауданның жаңа әкімін аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жергілікті активке таныстырып, бірқатар тапсырма берді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ауданда келесі жылы 400 басқа арналған ферманың құрылысы басталады. Істі жаңа әкімге қадағалап отыруды тапсырамын. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу оң жолға қойылмай тұр. Бүгінгі таңда бұл іспен 3-ақ серіктестік айналысады. Осы бағытқа да көңіл бөлген абзал.
Ауданның білім мен денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы бар, оны біржақты ету тапсырылды. Биыл ауданда екі ауылдық мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Тағы үшеуін жаңалау қажет. Ауылішілік жолдарды жөндеп, сапалы ауыз сумен қамту ісін жалғастыру керек. Осы орайда айта кетейік, биыл ауданға жол жөндеуге 1 млрд 400 млн теңге бөлінген.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Пресновка-Архангелка-Троицк тас жолына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұл мақсатқа 790 млн тенге жұмсалды. Петровка-Жаңажол-Бауман бағыты, яғни 11 шақырымға жуық аралықты қалыпқа келтіруге 593 млн теңге жұмсалды. Благовещенка-Жамбыл- Пресновка ауылішілік жолдары жөнделді. Аудан әкіміне 2026-шы жылға дейін жолдардың 95 пайызын жақсартуды тапсырамын.
Жаңа әкімнің алдында ауданның әлеуметтік жағдайын жақсарту міндеті тұр. Осы орайда Азамат Бектасов іске білек сыбана кірісуге уәде берді.
АЗАМАТ БЕКТАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі:
– Сіз айтқан және Мемлекет басшысы айтқан тапсырмалар орындалады. Оны орындауға мен өз күш-жігерімді саламын. Халықтың әлауқатын көтеруге уәде беремін.
Гүлден Сембаева