Кәсібін түрмеден ашқан кәсіпкер. Абзал Құрманкин ағаш өңдеумен 2022 жылдан бері айналысып келеді. Дегенмен, ол кездегі жұмысы адам күшінің аз болуынан қазіргідей өрге баса қоймапты. Ал қазір өндірістік қызметтің аса маңызды саласы болып табылатын кәсіп түрін Заречный кентіндегі №48 түзету мекемесінде ширатып отыр.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, “Құрманкин” ЖК директоры:
– Алдымен, әлеуметтік қамту басқармасына жүгіндім. Одан шешім шықпаған соң қылмыстық-атқару департаментімен сөйлестім. Олар маған цехты түзету мекемесінен ашуға ұсыныс тастады. Мен қабылдап, жұмысқа шілде айында кірісіп кеттім. Басында 3 адам болған. Қазір саны 15-ке жетті.
Кәсіпорынға алдымен тұтас ағаштар жеткізіледі. Кейін арнайы құрылғылардың көмегімен кесіліп, тегістеуден өтеді. Табиғи материалды тегістеп кесуге арналған станоктан шыққан ағаштардан тақтайлар әзірленеді.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, “Құрманкин” ЖК директоры:
– Біз қазір ағашты өндеп қана қоймай, қалдықтарын да іске асыруды қолға алдық. Өнімді ел арасында өткізіп жатырмыз. Осы күнге дейін Астана, Алматы, Шымкент, Атырау қалаларына жібердік. Облыс ішін де қамтып жатырмыз. Тауардың осы түріне сұраныс бар. Мұндағы жұмыс таңғы 9-дан басталады. Түс кезінде тамақтарын ішіп, кешке дейін қайта жұмысқа кіріседі. Бақылаушылар барлығын қадағалап жүреді.
Жалпы, бұл өндіріс ошағы қыркүйек айында ҚР Премьер-министрі 2023-2025 жылдарға арналған қылмыстық-атқару жүйелерін жетілдірудің жол картасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылуда. Іске қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен жергілікті атқарушы орган өкілдері білек сыбана кіріскен. Жобаға сотталғандарға екі қолға бір күрек табу, медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту мен заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру бағыты кіреді.
АЛМАС ЖАЛМАҒАМБЕТОВ, облыс прокуратурасының басқарма бастығы:
– Сотталғандарды облысымыздың көрнекті қайраткерлерімен кездестіреміз. Сонымен қатар, жазасын өтеушілер үшін қосымша жұмыс орындарын құру мақсатында әрі мекеме аумағындағы өндірісті кеңейту үшін модульдік құрылымдардың жобалары әзірленіп жатыр. Кәсіпкерлермен де кездесіп, оларға түзету мекемесінде бизнесті дамытудың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын көрсеттік.
Жалпы, облыстағы түзету мекемелерінде электронды шағым түсіретін терминалдар мен 2500 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Ақжүніс Мұқатай