Петропавлда кезекті жаға ұстатарлық оқиға орын алды! Облыс орталығының Жұмысшы кентінде бәзбіреулер бүтін бір отбасыны зорлықпен өлтірді. Тәртіп сақшылары суыт хабарды ала сала қолын қанға бояғандарды іздеуге кіріскен. Нәтижесінде күдіктілердің ізі суымай ашылды. Күдікке 2 петропавлдық ілігіп отыр. Аталған факті ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі 1-тармағы, яғни екі немесе одан көп адамды өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
АЗАТ ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
– Күдіктілер Петропавл қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Іс Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мен полиция департаментінің бақылауында.
Байболат Құлтанов