Желтоқсанның 26-сы күні өңірде ауа райы күрт бұзылды. Салдарынан 181 елді мекен жарықсыз қалды. Мұны аңғарған жауапты сала өкілдері бірден қалыпқа келтіру ісіне кірісті.
ЕРЛАН КАЙЫРБЕКОВ, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– Облыста жауапты мемлекеттік органдарды біріктіретін арнайы штаб жұмыс істейді. Осы ұйымның өкілдерімен бірқатар мекеме бақылауға алынды. Олар: мектептер, балабақшалар, ауруханалар және орталық қазандықтар.
92 бригада және 195 техника. «Севказэнерго» АҚ мен «Көкшетау Энерго» серіктестігінен осынша көлемде маман мен көлік шығып, кемшілікті жойды. Тиісті жұмыс әлі жалғасып жатыр.
ЕРЛАН КАЙЫРБЕКОВ, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– Әлі күнге дейін өңірдің 20 елді мекені немесе 1053 абонент жарықсыз отыр. Олқылықтың негізгі себебі белгілі. Аудандарда электр желілері үзілген, сонымен қатар, қосалқы станцияларда апат орын алған. Қайта қалыпқа келтіру ісі – облыстық әкімдіктің жіті бақылауында. Бүгін немесе ертең кешке дейін ауылдардың барлығына электр энергиясы жетеді деген сенімдемін.
Қоса кетейік, қазіргі таңда 8 ауданда жарық жоқ. Олар: Есіл, Мамлют, Қызылжар, Айыртау, Тимирязев, Ғ.Мүсірепов және Шал ақын. Синоптиктердің болжауынша, алдағы уақытта өңір аумағында ауа райы тағы да құбылады.
Байболат Құлтанов