Қоғам

“Халық жауының ұрпағы” деректі фильмінің тұсауы кесілді

Қызылжарда “Халық жауының ұрпағы” деректі фильмінің тұсауы кесілді. Туынды тар жол, тайғақ кешкен зұлмат заманнан шыр шертеді. Оны түсіру жайлы идея саяси қуғын-сүргін құрбанының ұлы, өңіріміздің Құрметті азаматы Болат Сағындықовқа тиесілі. Ал жүзеге асырушы – «AMANAT» партиясының жергілікті филиалы және осы ұйымның консультанты Роза Шәкенова.

РОЗА ШӘКЕНОВА, «AMANAT» партиясы СҚОФ консультанты:

– Бұл фильм қаржыландырылған жоқ. Біз демеушілерді тарттық. Шығынды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мамбетов көтерді. Ол кісі операторлардың еңбегін төледі. Қарағандыдағы “Карлагқа” бардық, Алматыда болдық. Бұған өз қалтамыздан қаржы шығардық.

Солақай саясаттың сойылын татқан ата-бабаны ақтау – аманат деп танитын азамат-азаматшалар айлап тер төкті. Еңбек өз жемісін берді. Бұл туындыны күрсінбей көру мүмкін емес. Шайқалған шаңырақ, етегі жасқа толған ана, күлім қақпаған бала және тар қапас. Фильмде Күлзира Құлжабайқызы естеліктерімен бөліседі. Жерлесіміздің әкесі атылыпты. Ал өзінің басы “халық жауының ұрпағы” ретінде тауға да, тасқа да тиген.

КҮЛЗИРА ҚҰЛЖАБАЙҚЫЗЫ, Саяси қуғын-сүргін құрбанының қызы:

– Жетімдердің интернатына да жолатпады. “Халық жауысың” деп қоршауға маңайлатпады. Аштық, жетімдік. Солай өмір сүрдік.

Түсірілім тобы тарихтың теріңе бойлады. Олар саяси қуғын-сүргін құрбандарымен шектеліп қана қоймады. Қолдан жасалған ашаршылық, халықтарды қазақ жеріне күштеп қоныс аудару және ауқатты азаматтардан мал-мүлікті тәркілеу жайлы да дерек жинады. Тағы бірнеше еңбекті өмірге әкелуге болады. Тек қаржы қажет.

РОЗА ШӘКЕНОВА, «AMANAT» партиясы СҚОФ консультанты:

– Бірінші бөлімге саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты жұмысты ғана енгіздік. Егер қолдау болса, бізде 2-3 фильмге жетерлік материал бар.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы алғашқы фильм 40 минуттан тұрады. Мұндағы әр сөз, әр кадр жүрекке жетеді. Ауыр жүкті иығына артып, “Карлагтың” қазіргі күйін көзімен көрген Роза Шәкенова сырқаттанып та қалыпты.

РОЗА ШӘКЕНОВА, «AMANAT» партиясы СҚОФ консультанты:

– “Карлагқа” барып келгеннен кейін 2 апта өз-өзіме келе алмадым. Асқазаным түйнеп ауырды. Аурасы өте ауыр. Сол заманның зұлматы сезіліп тұрады.

Туындыны жиналғандар кірпік қақпай тамашалады. Күрсінгендер, көзге жас алғандар да болды. Ең бастысы, жұмыс көңілден шықты.

БОЛАТ САҒЫНДЫҚОВ, СҚО Құрметті азаматы:

– Бұл фильм – үлкен ескерткіш. Халқымыздың басынан өткен қасірет ешқашан ұмытылмасы тиіс. Соны туынды ретінде ұсыну үлкен жетістік деп есептеймін.

Айта кетейік, фильмнің жарық көруіне тарихшылар, ғалымдар және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары сүбелі үлес қосты.

 

Байболат Құлтанов