Балалар

Бір күнде 55 бала сыйлыққа ие болмақ

Жаңа жыл мерекесінде бірде-бір бала сыйлықсыз қалмауы керек. Бұл – қаладағы еріктілердің ойы. Бүгін “Көмек жаныңда” еріктілер қозғалысы мен “Birge” қауымдастығының өкілдері 55 баланы шаттыққа бөлемек. Оларлың дені – көпбалалы отбасыдан шыққан және мүгедекті бар балақайлар.

Бүгін еріктілер тобы 20 отбасыға барып, 50-ден астам баланы қуантпақ. Олардың ішінде 6 балалы Мұхтаровтар отбасы да бар. Жанұя теріскейге осыдан 5 жыл бұрын шырайлы Шымкент қаласынан қоныс аударыпты. Бүлдіршіндер тақпақтарын айтып, тәтті салынған қапшыққа ие болды.

ЖАНБОЛАТ МҰХТАР:

– Бүгін бізге Аяз ата мен Ақшақар келді. Мен оларға 2 тақпақ айтып бердім. Ол маған 1 пакет кәмпит берді. Өзім Аяз атаға хат жазғанмын. Онда көп нәрселер жазылған.

ТАМЕРЛАН МҰХТАР:

– Біз солтүстік өңірге көшіп келгелі көпбалалы отбасы ретінде жылда сыйлықтар береді. Үкіметтен де көмек қолын созады. Петропавлға көшіп келгенімізге биыл – 5 жыл. Ең қуаныштысы, Үкімет Жаңа жылға дейін бізге үй берейін деп жатыр.

Бүгінгі шара тек бір күнге созылады. Еріктілер таңертеңнен кешке дейін тізімдегі отбасыларға барып, сыйлықтарын табыс етеді.

ДИАНА АЙТЖАНОВА, “BIRGE” қауымдастығының еріктісі:

– Жалпы, біз “Көмек жаныңда” еріктілер қозғалысымен 3 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Жаңа жыл, 8 Наурыз немесе тағы басқа мерекелер сайын балаларды қуантамыз. Ал бүгінгі акция -біздің бірлесе жасап жатқан алғашқы жұмысымыз.

Жалпы, “Көмек жаныңда” атты козғалыс еріктілері мереке қарсаңында 500-ден аса баланы құттықтай барыпты.

 

Ақжүніс Мұқатай