Қоғам

Бескөл ауылында биіктігі 13 метрлі шырша жанып кетті

Мына бейнеролик әлеуметтік желіде желдей есті. Бескөл ауылындағы 4 күн бұрын орнатылған шырша өртке оранды. Оқиға желтоқсанның 27-сі күні сағат кешкі 6 жарымда орын алған. Орталық алаңда жүрген тұрғындар бірден төтенше жағдайлар қызметкерлеріне хабар берген. Оқиға орнына 2 көлікпен 6 құтқарушы жеткен. Алайда, олар жеткенше биіктігі 13 метрлі шыршаның тек күлі қалған. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.

ҚАНАТ ДАРБАЕВ, Бескөл ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Өрттен кейін жергілікті халық өз көмектерін ұсынды. Өрт сөндірушілер 3 минуттың ішінде келді, олар келгенше өрт өшті. Бұның алдында қатты жел болған. Өрттің шығу себебі сымдардың қысқа тұйықталуынан деп ойлап отырмыз. Шыршаның өзі темір, сырты жасыл желек, ешқандай тексеруді қажет етпейді.

Жасанды шыршаны аудандық әкімдік 10 жыл бойы қолданып келген. Биыл оны әсемдеуге аудандық бюджеттен 500 мың теңге жұмсалған. Оның орнына мамандар бір түннің ішінде биіктігі 15 метрлі табиғи қылқанжапырақты орнатты. Ауыл тұрғынының көмегімен шыршаның өзіне әрі безендіруге мемлекет тарапынан шығын кеткен жоқ.

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:

– Мына артымда тұрған шыршаны Бескөл ауылындағы серіктестіктің бірі сыйға тартқан. Қазір безендіру жұмыстары жүріп жатыр. Асты қармен қоршалған. Жұмыс түске дейін бітеді деп жоспарлануда.

Жаңа жылдың басты сәні – шырша. Онсыз мереке мереке емес.

– Жұмысқа келе жатсам, шырша әп-әдемі болып, жарқырап тұр. Қалай түні бойы істеген деп бір-бірімізден сұрап жатырмыз. Қуанып қалдық. Біздің ауыл адамдарының ауызбіршілігі бар.

– Бұрынғы шыршамыз да әдемі болған. Бәрімізге ұнайтын. Оны безендіруге қаншама еңбек кетті. Жаңадан қойылған табиғи шырша көздің жауын алады.

 

Гүлден Сембаева