Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына көлік сыйға тартылды

Қазіргі таңда “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығында 12 ұл-қыз тәрбиеленіп жатыр. Оларды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Жаңа жыл мерекесімен құттықтай барды. Аймақ басшысы құр алақан келмей, тірек-қимыл аппараты бұзылған жеткіншектер тұратын мекемеге арнайы көлік сыйлады. Шағын автобустың мүмкіндігі зор. Оны орталық өкілдері бірден аңғарды.

Аймақ басшысы далада көп бөгелмей, асыға күткен балалармен қауышу үшін ішке енді. Жарқын жүздесу жүрекжарды тілектен бастау алды.

Орталықта түрлі жастағы балалар тәрбиеленіп жатыр. Ұл-қыздардың барлығы өнерге, спортқа жақын. Олармен облыс әкімі емен-жарқын әңгімелесті.

– Сурет саламыз, вокал сыныбына барамыз. Өзім ән салғанды ұнатамын. 6 жасымнан бастап түрлі жарыстарға қатысып жүрмін. Мұндағы балалар – менің бауырларым. Оларды қатты жақсы көремін.
– Өлең мен көркемсөз оқуды жаным сүйеді. Біршама сайыста жүлдегер атандым. Бос уақытта шығарма жазамын. Спортпен де шұғылданамын.

Енді балалар түрлі деңгейдегі сайыстарға, іс-шараларға емін-еркін бара алады. Орталықта бұған дейін шағын автобус болыпты. Ол көліктің тозығы жеткен екен. Ұл-қыздар жаңажылдық сыйлыққа қошеметпен жауап қатты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізде тамаша Ботаникалық бақ бар. Театрлар жұмыс істейді, түрлі шаралар өтеді. Соларға осы көлікпен барып тұрыңдар. Енді мектепке қатынау да жеңілдей түсті. Алдағы мерекемен тағы да құттықтаймын! Жүздеріңнен күлкі кетпесін!

Тілдесуден кейін өңір жетекшісі орталықты аралап шықты. Балалардың жылы, жарық жатын әрі бос уақыт өткізу бөлмелерін көрді. Шағын үйірмелермен де танысты. Ұл-қыздар мына жерде спорттық жаттығулар жасайды. Әңгіме барысында мекеме директоры қосымша жабдықтар алу бойынша бұйымтайын ортаға салып, көмек көрсетуді сұрады. Ғауез Нұрмұхамбетов өтініш жерде қалмайтынын жеткізді.

ТАТЬЯНА ЛУЗАКОВА, “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының директоры:

– Алдағы қаңтарда тағы 2 баланы қабылдаймыз. Қазір орталық қабырғасында тәрбиеленіп жатқан 4 бала – аудандық. Мекемеде 1-ші мен 11-ші сынып аралығында оқитын ұл-қыздар тұрады, көмек алады. Жан-жақты қолдау танытамыз. Тәрбиеленіп шыққан балалардың арасында биік белестерге шыққандар жетерлік.

Кездесу соңында орталық тәрбиеленушілері аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовпен естелік суретке түсті.

 

Байболат Құлтанов