Солтүстік Қазақстан облысында қызылшаның беті қайтар емес. Керісінше, қауіпті індет күннен-күнге күш алып барады. Бейінді департамент басшысы ұсынған дерекке сүйенсек, аймақта науқас саны 160-тан асып, өткен аптамен салыстырғанда аурушандық деңгейі 1,5 есеге өскен.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Науқастардың 87% Петропавл қаласында тіркеледі. 4% – М.Жұмабаев ауданында, 3% – Қызылжар ауданында, 2% – Айыртау және Аққайың аудандарында, 1,5% – Мамлют ауданында. Ал Есіл және Жамбыл аудандарында 1% тіркеліп отыр.
Өңірде тіркелген науқастардың басым көпшілігі – 15 жастан жоғары теріскейліктер. Ал ең ірі індет ошағы – Әскери Академия. Мұнда 50 адам инфекция жұқтырған. Мамандар бақылауды күшейтті.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Бүгінгі таңда медициналық бақылауда 22 ұйымдастырылған ошақ, 138 үй ошағы бар. Облыста ҚҚП қарсы вакцинаның 30 434 дозасы бар. Бүгінгі таңда облыста қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау барысында жоспарға жататын халықтың 48,5% егілді. Бұл – 12 757 адам.
Мамандар қызылшамен күрестегі ең басты құрал – екпе екенін тағы да айтты. Иммундау жұмысына қарқын қосу керек. Әйтпеген жағдайда іс насырға шабуы мүмкін.
НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– 26 адам емделіп жатыр. Оның жартысы – бала. Балалардың тек екеуі вакцина алған.
Ел бойынша вакцинация науқаны басталғалы 608 мыңнан астам адам екпе алған. Отандастарымыздың 34 мыңнан астамы соңғы тәулікте вакцина қойдырыпты. Ескерер жайт, егуден кейінгі асқынулар тіркелмеген.
Байболат Құлтанов