МТРА жаңалықтары

Келесі жылы қалада 48 көше жөнделуі мүмкін

Қала әкімі Серік Мұхамедиев облыс орталығында жыл бойы атқырылған жұмыстарды қорытындылады. Атқамінер баяндамасын бюджеттен бастады. Биыл оның көлемі 82,8 млрд теңгені құраған.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылмен салыстырғанда қалалық бюджетке 13,8 млрд теңгеге артық немесе 22 пайызға өсуі байқалады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 349,3 млрд теңгені құрады. Ең үлкен үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Оның көлемі 289, 2 млрд теңгені құрады.

Қала әкімі құрылысқа кеңінен тоқталды. Қазір қалада 47 учаскеде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Көппәтерлі 22 үй салынып бітуге жақын. Ондағы пәтерлер 2 мыңнан астам отбасыға арналған. Жаңа үйлер салынып жатса, ескілері жөндеуден өткізілуде. Өткен жылмен қоса алғанда 20 баспана жаңаланған.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– 15 үйдің шатырына күрделі жөндеу жүргізілді. 5-еуінде 16 лифт ауыстырылды. Жергілікті бюджеттен 130 млн теңге бөлініп, сол ақшаға 1 үйдің шатырына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс келесі жылы аяқталады. Алдағы уақытта тағы 9 баспананың төбесі жөнделіп, 4 бірдей үйдің жеделсатылары ауыстырылады.

Жаз бойы қалада көшелер жөнделді. Нәтижесінде 47 көше, яғни 58 шақырымға асфальт төселген. Бұл мақсатқа 5,8 млрд теңге жұмсалыпты. Алайда, арасында атқарылған жұмыс сапасыз деп танылған объектілер аз болмаған көрінеді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Тиісті зертханалық зерттеулер мен сараптама қорытындысының нәтижесінде 7 учаскедегі жұмыс қабылданбады. Жұмысты сапасыз атқарған мердігерлерге ақы төленген жоқ. Осы ретте Горький мен М.Жұмабаев көшелеріне тоқтала кетейін. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты аталған аралықтарға қатысты жобаларға түзету енгізілді. Жөндеу жұмысы келесі жылы аяқталады.

Серік Мұхамедиевтің айтуынша қалада келесі жылы 48 көше жөнделуі мүмкін. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Кейін кезек сұрақ-жауапқа берілді. Назарбаев көшесі, 123 мекен жайындағы үйге биыл 3 лифт орнатылыпты. Жоба құны – 62 млн теңге. Сол үйдің тұрғыны Валентина Туркованың айтуынша, шын мәнісінде әр жеделсаты 3 млн теңге тұрады дейді. Сонда қалған ақша қайда қарастырылған?

ВАЛЕНТИНА ТУРКОВА:

– Жительница дома по адресу Н.Назарбаева 123. Как вы прекрасно, наверное, знаете, там произвели ремонт лифтового оборудования. После этого перед жильцами встает вопрос о подписании договоров и размере взноса.

Бұл мәселе бойынша аталған үйдің тұрғындарын бейінді бөлім мамандары жеке қабылдайды.

 

Гүлден Сембаева