Экология

СҚО-да шырша күзеті күшейтілді

Жаңа жыл қарсаңында Петропавлда шырша сатып, шытырлатып ақша санаған саудагерлерді жиі көреміз. Бұл – адамдардың әлі жасандыдан гөрі табиғи ағашқа таңдау жасайтындығының анық белгісі. Мереке алдында бір сәт те бел жазбай жұмыс істейтін жанның бірі – Данил Анопко. Алай-дүлей боранға, сүйектен өтер суыққа жас жігіт қарамайды. Басты мақсаты – жасыл желек сату.

ДАНИЛ АНОПКО, саудагер:

– Саудаға қойылған шыршалардың өлшемі – 1 жарым мен 3 метрдің аралығында. Барлығын Қорғаннан әкелдік. Орта есеппен алсақ, күніне 20-дан астам жасыл желек сатылады. Сатып алушылардың арасында ауыл тұрғындары да бар. Оларға арнайы акт беріледі. Бұл құжат табиғат сақшылары тоқтатқан жағдайда көрсетіледі.

Жеті рет өлшеп, бір кесуді құп көретін шаһардағы саудагерлер барлығын ескерген. Осы орайда айтуымыз қажет, қазір біреулер табысқа заңсыз жолмен кенелуді де көздеуі мүмкін. Яғни, қылқан жапырақты ағашты қынадай қырып, саудаға шығаруы ықтимал. Мұндайға өңірдегі орман шаруашылықтары жол бермеу үшін күзетті күшейткен. Бүгінгі таңда аққайыңдар өлкесінде мобильді топтар жұмыс істейді. Олардың міндеті – тұрақты түрде рейдке шығу.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, “Қызылжар” орман шаруашылығының директоры:

– Осы мобильді топтар “УАЗ”, “Нива” көліктерімен күзет жүргізеді. Сонымен қатар, орманшылар күзет бекеттерінде отырады. “Қызылжар” орман шаруашылығы бойынша 9 мобильді топ құрылды. Тас жолдарды бақылауда ұстаймыз.

Ағаш – баға жетпес байлық! Бұл – өмірінің бір күнін де табиғатсыз елестете алмайтын орманшылардың пікірі. Мамандардың бұлай дейтіндей жөндері де бар. Олар жасыл желекті өскін күнінен бастап ондаған жыл өсіреді, көздің қарашығындай сақтайды. Түптеп келгенге, осы кісілер қоршаған ортаға, экологияға өлшеусіз үлес қосып отыр. Табиғат жанашырлары ағаштардың бей-берекет кесілгеніне қарсы.

ДМИТРИЙ БУТЕНКО, “Қызылжар” орман шаруашылығының қызметкері:

– Біз желтоқсан айының алғашқы жұлдызынан шырша күзетін күшейттік. Қалыптасқан дәстүрге сай күнде белгіленген аумақты аралаймыз. Техникамыз тегеурінді. Қары аз жерлерге автокөлікпен барамыз. Ал көлік өте алмайтын төңіректі мынадай заман игілігімен сүт пісірім уақыт ішінде шарлап шығамыз.

Мамандар техникамен қамтамасыз етілді, заң күшейді, адамдардың ой-санасы өзгерді. Осыған байланысты болуы керек, соңғы 2 жылда өңірде заңсыз қылқан жапырақты ағаш кесілмепті. Тұрғындардың құлағына алтын сырға, шырша рұқсатсыз кесілсе, қомақты көлемде айыппұл салынады.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, “Қызылжар” орман шаруашылығының директоры:

– Шырша кескен адамға 345 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал егер бұзушылық ерекше қорғалатын аумақта орын алса, айыппұлдың көлемі 150 АЕК дейін жетеді.

Тағы да бір назар аударарлық жайт, жаңа жыл мерекесі өтіп, думанның қызуы басылғасын үйге әкелінген табиғи шырша қоқысқа тасталады. Мұны көргендердің көпшілігі “әттеген-ай” дейтіні айдан анық. Қоршаған ортаға сән берген, оттегін бөлген ағаштың жерде жатқаны расымен де көңілге қаяу салады. Өкініштен өзек өртенеді.

 

Байболат Құлтанов